Павлодар облысында қорадағы төрт түлігінен ауру жұқтыратын адамдар қатары артты. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тұрғындарды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өткен жылы өңірде 20 адам бруцеллезбен ауырса, биыл жарты жылдың өзінде 26 тұрғын ауру жұқтырды. Әсіресе, Павлодар, Екібастұз қалалары мен Ақтоғай, Ертіс, Май, Успен, Аққулы аудандарында жағдай өршіп тұр.
" Эпидемиологиялық тексеру кезінде науқастардың барлығы ауруды ауыл шаруашылығы жануарларынан жұқтырғаны анықталды. Бруцеллез - ауыр инфекциялық сырқат. Оның салдарынан тірек-қимыл аппараты, жүйке, жыныс жүйесі зақымданады. Дер кезінде ем қабылдамаған жағдайда созылмалы сырқатқа өтіп, мүгедектікке әкелу қаупі бар", - дейді санитарлық дәрігерлер.
Сондықтан мамандар аққа жаритын осы уақытта шикі сүтті пайдаланбауға кеңес береді. Сүт өнімдерін әбден пісіріп, дүкеннен алған кезде тиісті сертификаттарды сұраған дұрыс. Ет пен одан жасалған өнімдерді де тек рұқсат етілген сауда орындарынан алу қажеттігін еске салды.
Бастысы, төрт түлікті күту, оларға қарау кезінде қолғап, респиратор, арнайы киім киіп, сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн. Ауыл шаруашылық саласының қызметкерлері үнемі медициналық тексеруден өтуі тиіс. Сонымен қатар, жыл сайын ірі қара малдың бруцеллезіне қарсы вакцинация жүргізу керек екенін де атап өтті.
Құндыз Қабылденова