Брюссельде қазақстандық музыканттар қошеметке бөленді

509

Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған музыкалық кеш әртістердің әлемдік туры аясында ұйымдастырылды.

Брюссельде қазақстандық музыканттар қошеметке бөленді

Брюссель көркем өнер сарайында "Тұран" фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, тенор Медет Шотабаевтың, пианист Дина Мейірманова және виолончелист Талғар Толқынханұлының қатысуымен қазақстандық музыканттардың концерті өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ-ге сілтеме жасап.

Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған музыкалық кеш әртістердің әлемдік туры аясында ұйымдастырылды.

Брюссель тұрғындары, мәдениет қайраткерлері, еуропалық және бельгиялық мемлекеттік және қоғамдық институттардың өкілдерінен құралған қонақтардың басым көпшілігі дәстүрлі дала музыкасын алғашқы рет тыңдап, қазақтың ұлттық костюмдері мен аспаптарын тамашалай алды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, пианист және композитор Ақтоты Райымқұлованың "Түйіскен жолдар" ("Crossroads") атты жаңа туындысын автор мен әртістердің бірге орындауы тыңдармандардың ерекше қызығушылығын туғызды.

"Тұран" ансамблінің репертуары дәстүрлі қазақ музыкасының түрлі жанрларын қамтиды. 46-дан астам көне музыкалық аспаптарда ойнайтын музыканттар тыңдаушыларға алуан философиялық тақырыптарды жеткізу үшін көмеймен ән салу техникасын қолданады. М. Шотабаев – белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Италия жұлдыздары" орденінің иегері, бірқатар халықаралық ән байқауларының жеңімпазы. Д. Мейірманова – танымал пианист және концертмейстер, халықаралық байқаулардың лауреаты. Т. Толкынханұлы – виолончелист, Шанхай консерваториясының магистранты. "Қазақконцерт" әртістерінің гастрольдік туры Нидерландта, Аустрияда, Хорватияда, Словенияда және басқа да Еуропа елдерінде жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу