Енді велосипед жолағы бар болса, самокат тек сол арқылы қозғалуы тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олар болмаған жағдайда жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Осылайша, 25 тамыздан бастап электрсамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге тыйым салынады.
Жолдың жүріс бөлігінде электрсамокат басқару үшін жүргізуші кемінде 18 жаста болуы, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі мен қорғаныш дулығасы болуы керек. Ал жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде самокат, велосипед және мопед жүргізушілері көліктен түсіп, оны жетектеп өтуге міндетті.
Бас прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 400-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 33 адам қаза тауып, 461 адам жарақат алған. Электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен тағы 47 жол-көлік оқиғасы болған.
Сонымен қатар, электрсамокат жүргізушілерін көлік қағып кеткен 145 жағдай тіркеліп, бұл оқиғалардан қаза тапқан адамдар да бар. Жайсыз оқиғалардан 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.
Жаңа талаптар жолдағы қауіпсіздікті күшейтіп, электрсамокат пен өзге де шағын көлік құралдары қатысатын апаттардың алдын алуға бағытталған.