Бұдан былай МЖӘ жобаларының инфляциялық шығынын мемлекет өтемейді

1182

Ұлттық экономика министрлігінің МЖӘ туралы жаңа бұйрығы күшіне енді.

Бұдан былай МЖӘ жобаларының инфляциялық шығынын мемлекет өтемейді

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жоба жүргізудің тәртібіне елеулі өзгерістер енді. Бұл туралы  "Қазақстандық МЖӘ орталығы" акционерлік қоғамының баспасөз  қызметі хабарлады.

"2020 жылдың 10 қаңтарынан бастап Ұлттық экономика министрлігінің "2019 жылдың 19 желтоқсанында шығарған бұйрығы күшіне енеді. Бұл бұйрық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру процедурасын реттеу тәртібіне өзегріс енгізуді көздейді", – делінген ресми мәліметте.

Жаңа бұйрық бойынша, халыққа аса қажет деген, ең өзекті проблемаларды шешетін жобаларға басымдық берілмек. Әр жоба бойынша ведомствоаралық комиссия құрылып, оны ресми мақұлдауы тиіс. Ведомствоаралық комиссияның салалық қорытындысы не жобаның өміршеңдігін қуаттап, не біржола жоққа шығаруы тиіс. Ал егер бизнес-жоспар мен конкурстық құжаттарға өзгеріс енгізілсе, салалық қорытынды қайтадан жасалуы тиіс. 

Жаңа тәртіп бойынша нысанның құны құрылыстағы баға белгілеудің нормативтік құжаттары бойынша анықталуы тиіс. Ал инвестициялық шығынның инфляциямен байланысты шығындары бұдан былай бюджет есебінен өтелмейді.

"МЖӘ жобасының инфляцияға байланысты инвестициялық шығындарын өтеу шарты жойылды. Келісімшарт мазмұнына жеке меншік тарапты МЖӘ нысанын пайдалану немесе жаңғыртып отыру міндетінен босататын өзгерістер енгізуге тыйым салынды. Өзгертулердің бір тармағы МЖӘ жобаларының бірыңғай базасын құруға бағытталған", – делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу