Мұндай тосын жаңалықты Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол жиында демалыс орындарында балалардың қауіпсіздігін ұйымдастыруға қатысты түсінік беріп өтті.
– Жаңа талаптар енгізілген болатын. Енді балалар лагерьлері қосымша білім беру объектілеріне жатқызылды. Олар терроризм қаупі тұрғысынан осал объектілер санатына енгізілді. Әкімдіктер оларды қысқа мерзімде өңірлік тізбесіне енгізу қажет, – деді Ержан Сәденов.
Ішкі істер министрінің сөзінше, лагерь қызметшілерін тексеру (соттылығы, іздеуде болуы, криминалдық есептер бойынша), полиция қызметкерлерін бекіту (аралау, тексеру және т.б.) және балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі жұмыс. Мұның бәрі балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.
Бұған дейін биыл жазда 3,2 миллион бала сауықтыру шараларымен қамтылатыны белгілі болды.