Бұдан былай рұқсатсыз жерде қоқыс өртеген адамдарға айыппұл салынады

1689

Осыған дейін мұндай адамдарға тек ескерту жасалып келген. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап мұндай құқықбұзушылыққа жол берген адамдарға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұдан былай рұқсатсыз жерде қоқыс өртеген адамдарға айыппұл салынады

"Құрғақ шөптер көбінесе отқа абайсыз болған жағдайда немесе лақтырылған темекінің тұқылынан өртенеді. Аумақтық елдімекендерде, саяжайларда өрт қауіпсіздігін сақтамаған кезде де осындай күрделі ахуалдар туындауы мүмкін. Алдын ала іс-шараларын жүргізу барысында есеп беріліп отырған кезеңде елорда тұрғындарының қоқыс пен құрғақ шөпті өртеуінің 31 фактісі тіркелді. Бұл ретте халықтың есіне мынаны салғымыз келеді: осы жылдың 1 шілдесінен бастап әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Бұдан былай аталмыш кодекстің 336-бабы бойынша мұндай құқықбұзушылықтарға жол берген адамдарға 20 АЕК айыппұл салынады. Ал лауазымды тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіпорындарға 200 АЕК, орта кәсіпорындарға 300 АЕК, ірі кәсіпорындарға 500 АЕК-ке дейін айыппұл тағайындалады", - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаев.

Департамент бастығының айтуына қарағанда, өрттен сақтану үшін алдымен оның алдын алуға тырысу керек. Осыған байланысты жыл басынан бері елордада халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, "Табиғатты тілсіз жаудан қорғайық" атты республикалық акция барысында Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің қызметкерлері волонтерлермен бірігіп, республикалық маңызы бар жолдарда (Нұр-Сұлтан – Петропавл, Нұр-Сұлтан – Қарағанды) демалысқа шығатын халыққа түсіндіру, кеңес беру жұмыстарын атқарған. Дәл осындай жұмысты волонтерлер қаланың саябақтарында да өткізіпті.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу