"Бұған Қазақстанның мүмкіндігі жетеді": Президент ЖИ ел индустриясын дамытуға қызмет етуі керек екенін айтты

583

Президенттің айтуынша, аталған жұмысты стратегиялық мәні зор секторларда күшейте түсу керек. 

"Бұған Қазақстанның мүмкіндігі жетеді": Президент ЖИ ел индустриясын дамытуға қызмет етуі керек екенін айтты Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің келесі отырысында көлік-логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесін талқылауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президенттің пайымдауынша, жоғары сапалы өндірістік мәліметтер болмаса, жасанды интеллектіні тиімді қолдану мүмкін емес. 

Ол кәсіпорындар өндірістік мәліметтердің мол қорын жинақтағанымен, сапасы әркелкі әрі шашыраңқы күйде қалып отырғанын айтты. Мұндай деректердің көбі жасанды интеллект жүйелерінде қолдануға жарамсыз.

– Кеңестің алдыңғы отырысында деректерге бағдарланған модельге көшу және салалық мәліметтер қорын жасақтау қажет екенін айтқанмын. Енді аталған жұмысты өндірісте жалғастыру керек. Бізге бірыңғай сапа стандартына сай, өзара байланысты және қауіпсіз пайдалануға болатын салалық өндірістік мәліметтер қажет. Отандық зерттеушілер мен бағдарлама әзірлеушілер оған кедергісіз қол жеткізуге тиіс. Әрине, коммерциялық құпия, стратегиялық ақпарат пен аса маңызды мәліметтер сенімді түрде қорғалады. Үкіметке бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, салалық өндірістік мәліметтер базасын қалыптастырудың ортақ тәсілдерін әзірлеу міндеті жүктеледі. Отандық технологиялық шешімдерді дайындағанда аталған деректерді іс жүзінде қолдануға басымдық берілгені жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға берік негіз қалағанын айтты. Ендігі міндет – осы әлеуетті экономикалық игілікке айналдыру. 

– Жасанды интеллект ел индустриясын дамытатын құрал болуға тиіс. Бұған Қазақстанның мүмкіндігі жетеді. Аталған жұмысты стратегиялық мәні зор секторларда күшейте түсу керек. Осы орайда Кеңестің келесі отырысында көлік-логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесін талқылауды ұсынамын. Бұл секторды одан әрі жаңғырту оның әлеуеті мен тиімділігін арттырып, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін нығайта түседі, – деді Президент. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу