Атап айтқанда, І дәрежелі "Барыс" орденімен еңбек ардагері Жәнібек Кәрібжанов, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев марапатталды. Ал ІІ дәрежелі "Барыс" ордені "Ұлттық ғылыми медициналық орталық" АҚ басқарма төрағасы Абай Байгенжинге, жазушы Қабдеш Жұмаділге және "Қазақ ұлттық өнер университеті" РММ профессоры Сұлтан Оразалыға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев Абай Байгенжиннің еліміздің медицина саласын дамытуға қосқан үлесін өте жоғары бағалады. Ал Қабдеш Жұмаділовтің шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылып, қазақ әдебиетінің алтын қорына енгенін баса айтты.
"Танымал жазушының тарихи тақырыпқа жазылған шығармалары оқырманның игілігіне айналды", – деді елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ІІІ дәрежелі "Барыс" орденіне ие болған "Агрофирм "Диевская" ЖШС бас директоры Олег Даниленконың шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсіруге зор жетістікке жетіп отырғанын айтты.
Мұнан бөлек дәл осы орденді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев алды.