Бүгін Алматыдағы "Халық Арена" кешенінде шорт-тректен әлем кубогінің үшінші кезеңі өтеді, деп хабарлайды Olympic.kz.
7-9 желтоқсан аралығында өтетін додаға әлемнің 18 мемлекетінен 150-ден аса спортшы қатысады. Олардың қатарында әлем және Олимпиада чемпиондары бар.
Қазақстан шорт-тректен мұндай ірі доданы тұңғыш рет қабылдағалы отыр.
Шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков өз жерімізде өтетін бәсекеде ел намысын кімдер қорғайтынын мәлімдеді. Алматы айдынында әйелдер арасында Әлия Ким, Анастасия Крестова, Ольга Тихнонова, Әсел Тайшыманова, Анита Нагай, Яна Хан жүлдеге таласса, ерлерден Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша, Мерсаит Жақсыбаев, Еркебұлан Шамұханов және Әділ Ғалиахметов қатысады.
Биылғы маусым спортшыларымыз үшін жақсы басталды. Калгариде өткен әлем кубогінің алғашқы кезеңінде Абзал Әжіғалиев үш бірдей Олимпиада чемпионымен жарысып, күміске жүлдеге иелік етті.
АҚШ-та өткен екінші кезеңде Денис Никиша үздік төрттік қатарынан көрінді.