12 қазанда Астана уақыты бойынша сағат 15:32-де "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Прогресс МС-07" транспорттық жүк кемесі бар "Союз-2.1а" зымыран тасығышын ұшыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды kazcosmos.gov.kz.
"Союз-2.1а" зымыран тасығыштың ұшыруы "Байқоңыр" ғарыш айлағының №31 ұшыру алаңынан жүзеге асырылатын болады.
"Прогресс МС-07" ғарыштық жүк кемесі Халықаралық ғарыштық стансасына отын, азық-түлік, су және стансасындағы экипажға қажетті басқа да жүктерін жеткізуі тиіс.
Мұның алдында Ғарыш аппараттарын ұшырудың бекітілген жоспарына сәйкес үстіміздегі жылы қыркүйекте "Байқоңыр" ғарыш айлағынан зымыран тасығыштардың үш сәтті ұшыруы өтті.
Биыл 12 қыркүйекте "Амазонас-5" ғарыштық аппараты бар "Протон-М" зымыран тасығыштың ұшыруы, 13 қыркүйекте "Союз МС-06" транспорттық басқарылатын кемесі бар "Союз-ФГ" зымыран тасығыштың ұшыруы, ал 29 қыркүйекте "Протон-М" зымыран тасығышпен "АзиаСат-9" ғарыш аппаратының ұшыруы сәтті өтті.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Роскосмос" ғарыштық қызметі бойынша мемлекеттік корпорациясымен, Жерүсті ғарыштық инфрақұрылым объектілерін пайдалану орталығымен және Ресейдің зымыран-ғарыштық өнеркәсібі ұйымдарымен бірлесіп, зымыран тасығыштарды ұшыруға дейінгі және ұшырудан кейінгі кездерде қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша жұмыс жүргізуде.