Бүгін, 2 сәуір – бүкіл әлемде аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Ал елімізде бұл дертке шалдыққандар саны азаяр емес. Астанадағы бір ғана орталықтың өзінде 2015 жылы 443 бала тіркеуге алынса, қазір бұл көрсеткіш мың жарымға жуықтады. Сондай-ақ мұндай диагнозы бар балғындармен жұмыс істейтін мамандар тапшы, деп хабарлайды 24.kz.
Өкінішке қарай, бұл тек Қазақстанды ғана емес, жаһанды алаңдатқан проблемаға айналды. Елімізде аутизммен ауыратындардың нақты есебі жоқ. Себебі медицинада ол тек психикалық даму ауытқушылығы ретінде көрсетіледі.
Атап өтейік, аутизм балаларда ақыл-естің кеш жетілуі, сөйлеуінің кешеуілдеуі түрінде көрініс береді. Ал бізде көбіне бұл жағдайда "баланың еркелігі, әлі-ақ сөйлеп, ашылып кетеді" деп мән бермеу басым. Алайда өкініштісі сол, аутизм асқынған жағдайда бала қатарынан қалып қойғанынан бөлек көптеген дене және сезім мүшелері жетілмей қалуы әбден мүмкін.
Осыдан 4 жыл бұрын елордада аутистермен жұмыс істейтін екі-ақ орталық болса, оның саны қазір жиырмаға жуықтады. Бірақ көбі ақылы. Ақшасын төлесеңіз, мамандар балаңызды қоршаған ортаға бейімдеп, сөйлетуге тырысады. Жомарт жандар қаржыландырып отырған тегін орталықтар да бар. Олар Астана, Алматы, Қызылорда, Өскемен қалаларында орналасқан. Бұл жерде ем қабылдау үшін арнайы кезекке тұру қажет.
Аутизмнен құлан таза айықпаса да, балалар сөйлеп, айналасындағылармен араласа алады. Ол үшін тиісті ем-дом қабылдау қажет. Аталған диагнозға атүсті қарамаңыз. Себебі ғалымдардың пайымдауынша, 2025 жылға қарай аутизммен әлемдегі әрбір екінші адам ауыруы мүмкін.