Бүгін даңқты спортшы Владимир Смирновтың туған күні

1407

Бүгін даңқты спортшы Владимир Смирновтың туған күні

Бүгін Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің төрт дүркін чемпионы Владимир Смирнов 53 жасқа толды, деп хабарлайды reactor.inform.kz.

Спортшы  төрт мәрте Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, екі мәрте қола жүлдегері атанған.
 
Владимир Смирнов 1964 жылдың 7-наурызында Көкшетау облысының Щучинск қаласында дүниеге келген. Шаңғы спортымен мектеп жасынан бастап шұғылданады. Алғашқы жаттықтырушысы – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Владимир Браташов. Кейінірек қабілетті балаға  Александр Унгефуктің көзі түседі. Даңқты спортшының үлкен жеңістерге жетелер баспалдағы осылай басталды.
 
1979 жылы, 15 жасында жасөспірімдер арасында өткен КСРО біріншілігінде екінші, төртінші орындарды еншілеп, сайыс қорытындысы бойынша КСРО жасөспірімдер құрамасына өтеді.
 
Смирнов жасөспірімдер құрамасында жүріп оқ бойы озып, көзге түсе алмады. Тек ересектер сапына өткеннен кейін ғана спортшының даңғыл жолы ашылды.
 
Төрт мәрте Олимпиада ойындарына қатысып, жарқын жеңістерге қол жеткізді: 1988 жылы Калгариде өткен XV қысқы Олимпиада ойындарында күміс медаль мен қола медаль;  1992 жылы Албервильде өткен XVI қысқы Олимпиада ойындарында күміс медаль; 1994 жылы Лиллехаммерде өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль мен күміс медаль; 1998 жылы Наганода өткен XVIII қысқы Олимпиада ойындарында күміс, қола медальді қанжығасына байлады.
 
Жеті мәрте Әлем чемпионатына қатысып, 4 алтын (1987, 1989, 1993, 1995), 4 күміс, 3 қола медальға қол жеткізеді.
 
Екі мәрте Әлем кубогін иеленген. Кеңес Одағының бірнеше дүркін чемпионы.
 
Азия журналистерінің конгресі 1996 жылы үздік спортшы деп таныды.
 
1980-1992 жылдары Қазақстан атынан КСРО құрамасының сапында жүріп, сайыстарға қатысты.
 
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, 1992-1998 жылдары шет мемлекеттерде Қазақстанның намысын қорғады. 1994 жылы Қазақстан атынан сынға түсіп, Олимпиада чемпионы атанады.

Үлкен спорттағы мансабын 1999 жылы аяқтайды. Дәл осы жылы Лозаннада өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің кезектен тыс 110-сессиясында комитеттің толық құқықты мүшесі болып сайланады.
 
Қазір спортшы Швецияда тұрып жатыр. Қазақстан азаматтығын сақтаған. Екі қыз тәрбиелеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу