Бүгін, 31 қазанда ауа райының бұзылуына байланысты 14 өңірде ескерту жарияланды, деп хабарлады "Қазгидромет" РМК.
Түнде және таңертең Жетісу облысының таулы аудандарында тұман түседі. Оңтүстік-батыстан жел соғып, солтүстік-шығыста оның екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.
Қызылорда облысында оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз өңірдің батысында, орталығында оның күші 15-20 м/с жетеді.
Астанада көктайғақ болады. Түнде және таңертең Маңғыстау облысының батысында, орталығында тұман болады деген болжам бар. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың солтүстік-шығысында оның күші 15-20 м/с болады.
Батыс Қазақстан облысында оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде басым бөлігінде, күндіз облыстың шығысында, оңтүстік шығысында жылдамдығы 15-20 м/с болады.
Түнде және таңертең Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-шығысында тұман түседі. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, күндіз облыстың батысында екпіні 15-20 м/с құрайды.
Атырау облысының басым бөлігінде оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с жетеді. Түнде Ақтөбе облысының солтүстік-шығысында көктайғақ, бұрқасын болуы ықтимал. Оңтүстіктен, онтүстік-батыстан жел соғып, облыстың солтүстігінде, батысында, орталығында екпіні 15-20 м/с жетеді.
Түнде Ақмола облысының батысында, оңтүстігінде, шығысында, күндіз облыстың шығысында, батысында көктайғақ болады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман түседі. Күндіз облыстың батысында желдің күші 15-20 м/с-ке барады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ болады деген болжам бар. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғады, облыстың солтүстігінде, орталығында, шығысында оның екпіні 23 м/с жетуі мүмкін.
Абай облысының солтүстігінде, батысында тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады, облыстың солтүстігінде, батысында, орталығында күші 23 м/с жетеді.
Қостанай облысының батысында, солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болуы мүмкін. Оңтүстіктен жел соғады, түнде батысында, күндіз басым бөлігінде екпіні 15-20 м/с құрайды.
Павлодар облысының оңтүстігінде, шығысында көктайғақ болады делінуде.
Түнде және таңертең Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман болады деген болжам бар. Оңтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-шығыс желіне ауысады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында оның жылдамдығы 15-20 м/с болады.