Бүгін еліміздің батыс өңірлерінде Көрісу күні тойланып жатыр

885

Бүгін еліміздің батыс өңірлерінде Көрісу күні тойланып жатыр

Бүгін қазақ халқының көнеден келе жатқан мерекелерінің бірі – Көрісу күні. Бұл күнді атап өту дәстүрі негізінен Қазақстанның батыс облыстарында сақталған, деп жазады atr.kz.

14 наурыз күні жасы кішілер ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Бұл күні жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге "Бір жасыңмен! Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!" деп ерекше мейіріммен батасын береді. Әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Көңілде өкпе-реніштері болса, кешіреді.

Атаулы күн, негізінен, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір ауданында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді.

Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек. Яғни, түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Үй-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. Бір ерекшелігі — Көрісу бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу