Бүгіннен бастап еліміздің екі мегаполисіне карантин режимі енгізілді. Осылайша Нұр-Сұлтан мен Алматыда вирустың таралуын шектейтін шараларды барынша күшейтті.
Режим төтенше жағдай мерзімі аяқталғанға дейін жалғасады. Осы кезеңде басқа аймақтан қонаққа келгендер аталған қалаларға мүлде кіргізілмейді. Сондай-ақ, шаһарда тіркелгендерге ешқайда шығуға рұқсат жоқ. Алайда тіркеуде тұрып, бірақ басқа қалада іс-сапарда жүрсеңіз немесе шетелден келсеңіз қалаға кіре аласыз. Шаһар маңындағы тұрғындар жұмысы орталықта болса, анықтама арқылы өтуіне мүмкіндік бар.
Транзит жолаушы немесе емделуге келген азамат, сәйкес құжаттарын көрсетсе қалаға жіберіледі. Басқа аймақ тұрғыны немесе шетел азаматы үйіне қайтамын десе, қаладан шығуға рұқсат беріледі.