Премьер-лиганың биылғы маусымына 13 өңірден 14 клуб қатысады. Олар – "Ақсу", "Ақтөбе", "Астана", "Атырау", "Елімай", "Жеңіс", "Жетісу", "Қайрат", "Қайсар", "Қызылжар", "Ордабасы", "Тобыл", "Тұран" және "Шахтер", деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан чемпионаты 1 наурыз бен 10 қараша аралығында өтеді. Мачтардың көбі дәстүрлі түрде демалыс күндеріне жоспарланған.
Маусымның алғашқы ойыны еліміздің 7 дүркін чемпионы "Астана" мен 16 жылдан кейін Премьер-лигаға оралған "Жеңіс" арасында болады. Сөйтіп, чемпионаттың алғашқы ойыны астаналық дербиімен ашылады. Сонымен бірге бірінші турда ел чемпионы "Ордабасы" өз алаңында Қарағандының "Шахтер" клубымен кездеседі.