Бүгін Газадағы қазақстандықтар эвакуцияланады

351

Бүгінде Газа секторында қаза тапқандардың жалпы саны 11 240 дейін өсті.

Бүгін Газадағы қазақстандықтар эвакуцияланады Фото: Zuma/TASS

Бүгін Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері Газа секторынан эвакуацияланады. Отандастарымызды қақтығыс аймағынан шығару Мысыр мен Палестина шекарасындағы Рафах бекеті арқылы жүзеге асады. Каzinform агенттігінің хабарлауынша бақылау пунктінен өтуге рұқсат етілген шетелдік азаматтардың тізімі жарияланған. Олардың арасында "Қазақстан" деген бағанға 122 адамның аты-жөні көрсетілген, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қазақстан азаматтарымен қатар Газадан Солтүстік Македония, Мысыр, Финляндия, Иордания, Ұлыбритания, Испания, Румыния, Германия, Ресей, Швеция, АҚШ және Дания азаматтары шығады. Қазіргі уақытта еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Мысырдағы Елшілік азаматтарымызды эвакуациялауды ұйымдастыруда.

Ал күні кеше бүкіл әлем бойынша біріккен ұлттар ұйымның кеңселерінде ұйымның тулары түсірілді. Олар қақтығыстан қаза тапқан БАПОР босқындарына арналған агенттіктің 102 қызметкерін еске алды.

"Бұл бір минуттық үнсіздік адамзатқа көмектесу кезінде ең үлкен құрбандыққа барған БАПОРДАҒЫ әріптестерімізге көрсетілген құрмет және ұжымдық ұлықтау шарасы", - дейді БҰҰ қызметкерлер одағы президентінің міндетін атқарушы  Франсиско Бритто.

Бүгінде Газа секторында қаза тапқандардың жалпы саны 11 240 дейін өсті. Оның ішінде 4 630 бала мен 3 130 әйел бар. Қазан соңында Израиль әскері Газаны қоршауға алғалы шайқас аймақтағы ең үлкен аурухана Әл-Шифаның айналасында жүріп жатыр. Ал жараланған газалықтар Хан-Юнестегі Насер ауруханасына жөнелтілуде.

"Бізге бүкіл отбасын жоғалтқан денесінің қырық пайызын күйік шалған жас жігіт келіп түсті. Егер біз операция жасамасақ, онда ол сепсистен өледі. Егер біз операция жасасақ, ол көп қан жоғалтып қайтыс болуы мүмкін. Ауруханада оған құйатын қан жоқ. Шарасызбыз", - дейді Халықаралық Қызыл крест комитетінің бас хирургі Том Потомар.

Аймақтағы жұмыс істеп тұрған жалғыз ұн диірмені де жабылу алдында тұр. Кәсіпорынның өндірісі тоқтаса үзім нанға зәру газалықтардың жағдайы одан әрі қиындайды.

"Біз солтүстіктен оңтүстікке және орталыққа қоныс аударған 2 миллион 200 адамды толық қамти алмаймыз. Қазір көптеген зауыттар жұмыс істемейді, кейбіреулерінде бидай жоқ, басқаларында отын жоқ. Біз үлкен апаттың алдында тұрмыз", - деді Al-Sallam Mills Компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Абделхалим Аваад.

Израиль әскері болса құрлықтық операцияларды жалғастыруда. Олар  Газа секторындағы мешітте орналасқан террористік туннель шахтасын тапқандарын хабарлады. Сонымен қатар Газа ауруханасында тұтқындарды кепілге алу белгілерін анықтадық деп мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу