Биылғы Қадір түні 16 наурыздан 17-сіне қараған түніне түсіп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жалпы құранда рамазан айының соңғы онкүндігінде дұға ету жазылған. Себебі сол онкүндіктегі тақ күндердің бірі – Қадір түні болуы мүмкін болғандықтан, бұл түні ерекше құлшылық жасалып, дұға-тілектер айтылады.
Ғалымдардың пікірінше, Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің ішінде, әсіресе тақ түндердің біріне жасырылған.
Қадір түні – әрбір мұсылман үшін ерекше мүмкіндік. Себебі Құранда жазылғандай бір жылдық несібе, береке мен адамның тағдырына дейін өзгеретін сәт осы түнде болады екен. Ал ол үшін оған әрекет жасап дұға-тілектер айтылуы керек.
Бұл түннің кереметі ерекше. "Кімде-кім қадір түнін құлшылықпен иманмен өткізсе, Алла Тағала пенденің күнәлерін кешіреді" деген хадис бар.
Кейбір имамдардың айтуынша, дәл осы түнде алғаш рет қасиетті Құран түсе бастаған. Сондай-ақ осы түні жер бетіне періштелер, оның ішінде Жәбірейіл періште түседі. Сондықтан бұл – тыныштық пен береке түні.
Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде Қадір түнінің кейбір белгілері айтылған.
Ғалымдардың пікірінше, ол түнде:
- ауа райы тыныш әрі жайлы болады;
- табиғатта ерекше тыныштық сезіледі;
- ай мен жұлдыздар жарқырап көрінуі мүмкін;
- таңертең күн шапағы жұмсақ болып шығады;
- адамның жүрегінде ерекше тыныштық сезімі орнайды.
Алайда бұл белгілер әр жылы дәл байқалмауы мүмкін. Соған қарамастан мұсылмандар бұл түннің ерекше қасиетті екеніне сенеді.