Бүгін – Республика күні

1483

Бүгін Қазақстан халқы ұлттық мереке – Республика күнін атап өтеді. Биыл 25 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке ретінде белгілейтін заңға қол қойған болатын.  

Бүгін – Республика күні

"Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Заңға 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленетін өзгерістер енгізілді.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1990 жылдың 25 қазаны мемлекетіміз дәуіріндегі ерекше дата болғаны сөзсіз. Бұл күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – "Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы" Декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болды. Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін ресімдеудің жаршысы болған бұл құжатты дайындау кеңестік империяның кеңістігінде белең алған экономикалық және саяси құлдырау жағдайында жүргізілді. Осы ретте бұл құжаттың оңайлықпен қабылданбағанын да айта кеткен жөн. КСРО Жоғарғы Кеңесі басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылдануын үнемі тежеп отырғаны белгілі. Сондықтан Қазақстанның тағдырын шешкен осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу әрі қабылдау азаматтық батылдықтың көрінісі болды.

Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды жүйеленген саяси-құқықтық қадамы жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздігіміздің бастауында дәл осы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. 25 қазан еліміздің азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге алып келген күн ретінде қадірлі болып тұр. Сондықтан еліміздің Тәуелсіздігі осы күннен бастау алатынына күмән жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу