Бүгін елімізде "Шаңырақ күні" атап өтіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
Қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Ол – әрі аспан күмбезі, әрі үй-жай, әрі тірек, әрі бақуаттылық пен қауіпсіздік және ұрпақтар сабақтастығы. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан материалдық және рухани мұра, сонымен қатар отбасының тұрақтылығы мен ұрпақтың үздіксіз жалғасуының символы.
Шаңырақ – отбасы белгісі, сондықтан да қазақ халқы жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ерекше мән берген. Ата-бабаларымызда "Шаңырақ көтеру" атты ерекше салт-дәстүр болған.
Жалпы Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы "Шаңырақ" күні жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар.