Бүгін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке қарасты Төмен байытылған уран банкінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Шара қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алғашқылардың бірі болып жаңа нысанды аралап көрді.
Аталған банк ғимараты Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Үлбі металлургиялық зауытының аумағында бой көтерді. Себебі, бұл кәсіпорында қажетті инфрақұрылым мен уран гексафторидімен жұмыс істейтін тәжірбиелі мамандар бар. Ядролық отын банкінің жалпы аумағы 900 шаршы метрге жуық. Ғимарат 8 балдық жер сілкінісіне шыдайды және қауіпсіздігі бойынша МАГАТЭ-нің барлық талаптарына сай салынды. Температуралық және радиологиялық датчиктермен жабдықталған. Төмен байытылған уран қалыңдығы 13 миллиметр болатын берік болаттан жасалған арнайы цинидрдарда сақталады. Шікізаттың жалпы көлемі 90 тоннадан аспайды. Дәл қазір, бұл банктің әлем бойынша баламасы жоқ.
Александр Ходанов, "ҮМЗ" АҚ өткізу бойынша директоры: "Банк ресми түрде ашылған соң, Магатэ материалды жеткізу бойынша тендер жариялайды. Менің білуімше, шикізатты жеткізу жөніндегі келісім-шартқа осы жылдың соңына дейін қол қойылады. Ал материалды осы жерге әкелу уақыты шамамен келесі жылдың ортасы".