Бүгін Украинадағы қазақстандықтардың алғашқы легі жеткізіледі

1303

СІМ бұл елдегі отандастарымызға Львов немесе Киев қалаларына өз күшімен жетуге кеңес береді.  

Бүгін Украинадағы қазақстандықтардың алғашқы легі жеткізіледі

Бүгін Украинадағы қазақстандықтардың алғашқы легі елге жеткізіледі, деп хабарлады inbusiness.kz порталы Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшылығының шешімімен Украинадағы қазақстандықтар репатриациялық рейстермен өтеусіз негізде елге жеткізіледі.

"Бүгінде эвакуациялауға көмек көрсету туралы 528 өтініш түсті. Қазақстан азаматтары негізінен Украинаның мына өңірлерінде тұрады: Киев қаласы мен Киев облысында – 264 адам, Одесса облысында – 30, Харьков облысында – 18, Львов облысында – 17, Днепропетровск облысында – 13, Полтава облысында – 7, Черкасск облысында – 4, Луганск облысында – 2, Ивано-Франковск облысында – 2, Житомир облысында – 2 адам", - деп жазылған министрлік таратқан хабарламада. 

Түнде қазақстандықтар көлікпен дипломаттармен бірге Киев және Львов қалаларынан Польшаның шекарасына қарай жолға шықты.

"Варшавадағы Қазақстан елшілігі жергілікті билікпен бірлесіп, Қазақстан азаматтары үшін шекарадан Катовице қаласының (Польша) әуежайына жету үшін "жасыл дәлізді" қамтамасыз етеді. Репатриациялық рейстің жолаушылары Украина-Польша шекарасын кедергісіз (визасыз) кесіп өтеді, сондай-ақ міндетті карантиннен, ПТР тесттерін тапсырудан және вакцинация паспорттарын ұсынудан босатылады", - деп жазылған хабарламада.

Алғашқы репатриациялық рейс 26 ақпанда таңертең ұшады. Ұшақ Катовице қаласының әуежайынан шығып, Атырауға техникалық қонғаннан кейін Алматыға ұшуы тиіс.

"Алдағы уақытта басқа да репатриациялық рейстер ұйымдастырылады. Осыған байланысты Украинаның әртүрлі қалаларындағы қазақстандықтардан Қазақстанның Киевтегі елшілігіне хабарласуды және өзінің орналасқан жері туралы хабарлауды сұраймыз. Мүмкіндік болған жағдайда, Польша шекарасына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз бетімен баруды ұсынамыз"- деп жазылған хабарламада.

Украинадағы әскери әрекеттердің жалғасуына байланысты жолға шығу қиын болуы мүмкін.

"Мұндай жағдайда өздеріңіз орналасқан мекендерде қалуды, Қазақстан елшілігімен және құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды сұраймыз. Жағдай анықталғаннан кейін қазақстандықтарға барлық қажетті көмек көрсетіледі", - деп жазылған СІМ таратқан хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу