Бүгін Қазақстанның бірнеше аймағында жергілікті мәслихаттардағы бос орындарға депутат сайлауы басталды, деп хабарлайды BAQ.kz.
Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес, елде 58 сайлау округі бойынша облыстық мәслихатқа 13, қалалық мәслихатқа - 9, аудандық мәслихатқа - 36 депутат қайта сайланады. Жергілікті мәслихаттардағы бос орындарға депутат сайлау Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласынан басқа аймақтардың барлығында өткізіледі.
Сайлау науқаны барысында ұсынылған 201 үміткердің 172-і кандидат болып тіркелген. Оның ішінде 113 адам өзін-өзі ұсынған, қалғандары саяси партиялардан сайлауға түсіп жатыр.
Кандидаттардың сайлауалды үгіт кампаниясы наурыздың 24-і күні сағат 24:00-де аяқталған.
ОСК-нің хабарлауынша, бұл жолғы сайлауды өткізуге 466 сайлау комиссиясы жұмылдырылған.