Бүгінде Қазақстан 131 елмен сауда жасайды

574

Қазақстанның сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі алғашқы ұлттық баяндамасы Астанада таныстырылды.

Бүгінде Қазақстан 131 елмен сауда жасайды Фото: Inbusiness.kz

Астанада Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың қатысуымен өткен семинарда Қазақстанның сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі алғашқы ұлттық баяндаманың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Баяндамада ел ДСҰ-ға кірген сәттен бастап 7 жыл ішінде сауда рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған Қазақстан Үкіметі қабылдаған шараларға талдау ұсынылған.

"Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстан өңірлік саудада шешуші рөл атқарады. Соңғы жылдары сауда рәсімдерін жеңілдетуде айтарлықтай прогреске қол жеткізілді. Ол кедендік заңнама мен әкімшілендіруді жақсарту, қағазсыз  трансшекаралық сауда институты, тұрақты сауда, сондай - ақ сауда рәсімдерін оңайлату туралы ДСҰ келісімін толық орындау сияқты мәселелер бойынша оң өзгерістерін көрсетті",-деді вице-министр.

Қайрат Балықбаев атап өткендей, сауда рәсімдерін оңайлату сыртқы экономикалық қызметтің дамуына оң әсер етеді. Бүгінде Қазақстан 131 елмен сауда жасайды. 2022 жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 135,5 млрд долларға жетті, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 33,2% - ға асып түсті. Ел алдында Өзбекстанмен сауда көлемін 10 млрд долларға дейін және Қырғызстанмен сауда көлемін 2 млрд долларға дейін ұлғайту міндеті тұр. Сарапшылардың пікірінше, осы мақсаттарға қол жеткізуге сауда рәсімдерін одан әрі оңтайландыру ықпал ететін болады.

БҰҰ-ның цифрлық және орнықты технологияларды пайдалана отырып сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі жаһандық зерттеуіне сәйкес Қазақстан 2023 жылы сауданы оңтайландыру саласындағы жалпы көрсеткішті 76,34% - ға дейін жақсартты.

2018 жылдан бастап Қазақстанда Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұлттық комитет жұмыс істейді, оның құрамына мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері кіреді. Ол ДСҰ Келісімінің ережелерінің орындалуын үйлестіру және бақылау, сондай-ақ мемлекет пен жеке сектордың мүдделерін ескере отырып реформалар жүргізу үшін әзірленген.

Соңғы жылдары Қазақстанда халықаралық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасаған ірі жобалар іске асырылды. Мәселен, 2018-2019 жылдары "АСТАНА-1" және "экспорттық-импорттық операцияларға арналған Бірыңғай терезе" ақпараттық жүйелері енгізілді. Өткен жылы сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша Қазақстанның сауда порталы іске қосылды. 2023 жылы Орталық Азия шлюзінің аймақтық сауда порталы жұмыс істей бастады, ол БҰҰ-ның ең жоғары наградасына ие болды және әлемдегі ең жақсы Ақпараттық сауда порталы деп танылды. Сыртқы сауданы дамыту үшін тағы бір маңызды жоба Qaztrade Academy экспорттаушыларына арналған білім беру онлайн-платформасы, елдің трансшекаралық қағазсыз саудаға дайындығын бағалау бойынша БҰҰ ЭСКАТО-мен бірлескен бастама болды.

Еуропалық Одақтың ҚР-дағы Елшісі Кестутис Янкаускастың айтуынша, биылғы жыл сыртқы экономикалық оқиғаларға толы болды және Қазақстан сауда рәсімдерін жақсарту саласында айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Бұл жұмыста ЕО-ның айтарлықтай үлесі бар. Атап айтқанда, Еуроодақтың қолдауымен Ready4Trade Central Asia трансшекаралық сауданы дамыту жөніндегі халықаралық сауда орталығының жобасы іске асырылды.

Өз кезегінде, Қазақстандағы USAID бағдарламаларының жетекшісі Стивен Орр атап өткендей, Ұлттық баяндаманың жарыққа шығуы Қазақстан мен USAID-тің Қазақстанның халықаралық беделін жақсарту жөніндегі бірлескен күш-жігеріндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. USAID-тің Қазақстан үкіметін қолдауға берік міндеттемесі таныстырылған Ұлттық баяндамамен расталады, бұл сонымен қатар USAID-тің Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдері арасындағы сауданы дамытуға жәрдемдесуге ұмтылысын білдіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу