Облыс әкімі Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жастар ісі жөніндегі көшпелі кеңес отырында жастарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды әкімнің ресми сайты.
Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай облысымыздың жастары үшін маңызды мәселелерді атап айтты.
"Ең маңызды мәселе - ол ауыл жастарын жұмыспен қамту. Және де жастардың бос уақытын ұйымдастыру, жас отбасыларға көмек көрсету және жастар арасындағы қылмыстардың алдын алу", - деді М.Құттыбай.
Оның сөзінше, жастарды жұмыспен қамту - бүгінгі ең маңызды мәселе. 2009-2016 жылдар аралығында Қарағанды облысында "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында 2215 жас маман жұмысқа орналастырылған. Биылғы жылы барлығы 78 адам. Ерлан Қошанов мұның аз екенін айтты.
"Мен аудадарға жиі барамын, онда үнемі кадрлардың жетіспеуі айтылады, - деді облыс әкімі.- Неге жастарды жұмыспен қамтымасқа? Бұл мәселені шешу керек. Жақында білім саласында жаңа заңға қол қойылды, оған сай енді әкімдер жас мамандарды оқыту үшін өз гранттарын бөле алады. Биыл бюджет бекітілді, ал келесі жылдан бастап студенттер бұл гранттарды ала алады. Сонан соң, диплом алған соң өз ауылында жұмыс жасауға міндеттеледі. Бүгінгі таңда Қарағанды облысында 1000 мұғалім жетіспейді. "Облыс бюджетінен бөлінетін сома, шамамен 300 білім грантын жабатын болады. Бұлар физика, химия, биология және басқа да пәндердің мұғалімі", - деді білім басқармасының жетекшісі Асхат Аймағамбетов - Бұл бағдарламаға қатысушылар оқу бітірген соң өз ауылдарында жұмыс істеулері тиіс. Жас мамандарда тұрғын-үй мәселесі туындамас үшін, олар өз ауылдарына жіберіледі. Бүгінде Қарағанды облысында 29 жасқа дейінгі 304 269 адам тұрады. Олардың 75 536 ауыл жастары.