Бүгіннен бастап республика бойынша 21 мың теңгелік жәрдемақыны тағайындауға өтініштер қабылданады. Атаулы әлеуметтік көмектің бұл түрі тұрмысы төмен барлық отбасыларға беріледі, деп хабарлайды Atameken Business.
Еңбек және халықты қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 21 мың теңгелік жәрдемақыға көпбалалы отбасылар ғана емес, бір баласы бар аналар да ілігеді. Мәселен, жалғыз баласын асырап отырған әйелдің бір айлық жалақысы 40 мың теңгені құраса, осы ақшаны екі адамға бөлгенде тура 20 мыңнан келеді. Яғни, отбасының бір айлық табысы адам басына шаққанда күнкөріс минимумының 70 пайызы – 20 мың 789 теңгеден аспайды.
Заң бойынша балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы төленуі керек. Әр балаға 21 мың теңгеден берілетін жәрдемақыны алу үшін өтініштен басқа ешқандай құжат қажет емес. Оны жергілікті әкімдікке, халыққа қызмет көрсету орталығына немесе жұмыспен қамту орталығына тапсыруға болады. Сол жерде жеке куәлікті көрсетіп, өтініште отбасының барлық мүшелерін жазып шығу қажет. Қалған жұмысты мемлекеттік қызметкерлер өздері атқарады.