Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен "ЕАЭО сыртқы шекарасының қазақстандық учаскесіндегі өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру" тақырыбындағы брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов мәлімдеді.
"Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, 2022 жылғы 23 қарашадан бастап Қытаймен шекарада "Достық" автомобиль өткізу пунктінде ("Алашанькоу" шекаралас өткізу пункті) электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесін пилоттық іске қосу жоспарлануда", - деді Бақытжан Слямов.
Осы мақсатта "Достық" автомобиль өткізу пунктінде бүгіннен бастап Qoldau.kz платформасы немесе "Сargoruqsat" мобильді қосымшасы арқылы автоматтандырылған электрондық кезек жүйесі пайдаланылады.
"Электрондық кезек жүйесін құрудың мақсаты көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың өткізу пунктіне кіру кезектілігін қалыптастыру процесінің ашықтығы мен цифрландырылуын қамтамасыз ету", - деді Бақытжан Слямов.
Оны пайдалану үшін көлік жүргізушісі Qoldau.kz порталында немесе "Сargoruqsat" мобильді қосымшасына тіркеліп, жол жүру үшін бос күн мен уақытты таңдайды. Өз кезегі туралы ақпаратты SMS-хабарлама арқылы алады.
"Сargoruqsat" мобильді қосымшасын телефонға IOS немесе Android жүйелері арқылы орнатуға болады. Пилоттық жоба қорытындысына сәйкес МКК Мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша электронды кезек жүйесін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.
Электрондық кезектің автоматтандырылған жүйесін Қаржы министрлігінің "Ақпараттық-есепке алу орталығы" АҚ мамандары әзірлеген.