Бүйрек трансплантациясы: Қызылордада екі күрделі ота жасалды

Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен ауырған қос науқастың біріне жұбайы, екіншісіне туған бауыры донор болған. 

Бүйрек трансплантациясы: Қызылордада екі күрделі ота жасалды Фото: Көпбейінді облыстық аурухана

Облыста тұңғыш бүйрек трансплантациясы осыдан 10 жыл бұрын жасалған болатын.

Жалпы, Қазақстанда мәйіттік донордың үлесі өте аз. Науқасқа ағзасын беруге туысы не ет жақыны ғана келіседі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Күрделі саналатын отаға облыстық Көпбейінді аурухананың директоры, PhD докторы Жасұлан Баймаханов, директордың орынбасары Ербол Серікұлы, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бүйрек трансплантациясы, урология және нефрология бөлімшесінің бас мамандары Ислам Мададов, Ернұр Белгибаев, Ельшад Набиев, анестезиолог-реаниматолог Көлбай Ілесбекұлы және басқа да білікті мамандар қатысты.

"Екі ота да сәтті өтті. Жалпы екі күнде, екі күрделі ота – бүйрек трансплантациясын жасадық! Бір ұжым болып жұмысымызды кәсіби шеберлікпен атқардық. Қатысқан әріптестеріме ризашылығымды білдіремін!

Бүгінгі хирургияда донорлық бүйректі сәтті трансплантациялау – созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастардың өмір сүру сапасын қалпына келтіріп, олардың толық медициналық және әлеуметтік оңалуын қамтамасыз етеді. Аурудың дамуын болдырмаудың жолы – скрининг арқылы бүйрек ауруын ерте анықтау", - деді Жасұлан Баймаханов.

Білікті дәрігерлер тобы ұйымдастырған шеберлік сағаты нәтижесінде мамандар бүйрек трансплантациясын жасаудың қыр-сырын меңгеріп, біліктілігін арттырды.

Қызылордада 2023 жылдың 8 желтоқсанында 25 жастағы ер-азаматқа да бүйрек трансплантациясы жасалған болатын. Қазіргі уақытта азаматтың бүйрек қызметі өз жұмысын жақсы атқаруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу