Қарағанды облыстық ұйымдастыру комитеті ғұлама ойшыл, мемлекеттік және саяси қайраткер, Абылай ханның кеңесшісі Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығын тойлау мерекелік логотипін бекітті, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Бұқар жыраудың мерейтойы Қарағанды облысының аттас ауданында тамызда атап өтіледі. Салтанатты шараның өткізілу орны жергілікті ақсақалдардың пікірі мен ұсыныстарын ескере отырып, таңдалатын болады.
Аудандық ұйымдастыру комитеті Ботақара кентінің өнер мектебінің ұстазы Амантай Ақышевтің салған логотипін таңдап алды. Эскизді тағы да толықтырып, облыстық ұйымдастыру комитетінің бекітуіне жіберу ұсынылды.
Жаңа логотипке өзгерістер енгізілді. Графикалық белгі дөңгелек ретінде "Бұқар жырау Қалқаманұлы" деген жазумен жасалып, ұлттық оюмен безендірілген. Дөңгелек ішінде Бұқар жыраудың бейнесі, сондай-ақ ұшып бара жатқан қыран мен жыршының мазары орнатылған Далба төбесінің суреті ораластырылған.
Логотип мерекелік шараны безендіру кезінде, кәдесыйларға және баспа өнімдеріне басылатын болады. Мерейтойға орай Бұқар жырау энциклопедиясын қайта басып шығару, ғылыми-тәжірибелік конференциялар және тағы а басқа мәдени-ағартушылық шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойын тойлауға қаражат жинау үшін қоғамдық қор құрылды. Оның төрағасы ретінде аудандық ардагерлер ұйымының басшысы Төкен Арбабаев тағайындалды.