Вашингтондағы Бүкіләлемдік банктің мәжіліс залына қазақ қызы Алма Оразалинованың есімі берілді, деп хабарлайды 24.kz.
Білімді де білікті, ойы ұшқыр отандасымыз халықаралық қаржы орталығында өзінің іскерлігімен ерекше көзге түскен екен. Өмірден ерте өтсе де, даналығымен дараланған жерлесіміздің есімі Америка, Ұлыбритания, Үндістан, Сингапур, Жапонияда елдеріне етене танымал.
Алма Оразалинова Мәскеу мемлекеттік университетінде, Массачусетс технологиялық институтында білім алған. Сондықтан банк басшылығы оған аса маңызды жобаларды сеніп тапсырып, іскерлік қабілетін жоғары бағалады. Алайда бейнетінің зейнетін көру маңдайына жазбапты. Ауыр дертке шалдыққан Алма бұдан екі жыл бұрын көз жұмды.
"Оның орнын ешкім алмастыра алмайды. Сандарға, есепке жүйрік еді. Операция жасалып, ауыр халде ауруханада жатса да, математикалық формулаларды сұрап алдыртатын. Есепті шешкенде дертімнен жеңілдеп қаламын дейтін", - дейді Бүкіләлемдік банктің ресурстарды басқару жөнінде маманы Зауре Швейд.
Қазақ қызы дамушы елдер үшін маңызды жобаларды жүзеге асыра білді. Оның игі бастамалары әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Елге мейірім шуағын төккен Алманың атындағы аудиторияда енді кедей-кепшіктерге көмек көрсетуді көздеген маңызды шешімдер қабылданып жүр.