Бұқпа өзені кәріз қалдығымен ластанып жатыр

1112

Қарағандыда кәріз  сулары ақауланған коллектор арқылы Бұқпа өзеніне ақпан айының басынан бері құйылуда. 

Бұқпа өзені кәріз қалдығымен ластанып жатыр Фото: inbusiness.kz

5 ақпаннан бастап Федоров ауданының саяжайшылары Бұқпа өзеніне жағымсыз иісі бар лас судың құйылып жатқанын айтып дабыл қаққан болатын. Бүкіл Қарағанды қаласының кәріздік суларын жинап, суды тазарту станциясына ағызып жіберіп отыратын оныншы кәріздік коллектордан  Бұқпа өзеніне қарай қалдық сулар ағып жатыр. Қоршаған ортаға залал келтіріп жатқан апатты жағдайды тоқтату әлі мүмкін болмай тұр. “ Қарағанды су ” компаниясының авариялық бригадасы коллекторға жиналған суды сыртқа жібермеу үшін сорып алып жатыр. Мамандардың айтуынша 16 шақырымға созылатын коллектордың іші бітеліп қалған. Ақаулы тұстың қай жерден шығып жатқанын анықтау үшін кәріздік жүйе коллекторының ішкі құбырларын тексеру қажет. Бұл жұмыстарды жасау үшін қарқыны күшті екі насосты құбырлар желісін уақытша орнатып су сорып алып отыруға мүмкіндік жасалған.

“Коллектор ішінде жұмыс жасау үшін жабық  күйде жұмыс жасауға лицензиясы бар , уланып қалмау үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған мердігер ұйым мамандарының қызметін қолданып жатырмыз. Өйткені “ Қарағанды су ” ЖШС мамандары аса қауіпті нысандарда жұмыс жасай алмайды , оған лицензия жоқ. 13 ақпаннан бастап уақытша жасақталған желіге суды сорып алып,  жіберу жұмыстары басталды. 14 ақпанда түн ішінде коллекторға  келіп құйылатын қалдық суларды азайтудың нәтижесінде коллектордың бітеліп қалған жері анықталды енді соны жөндеу жұмыстары бірнеше күннен бері жүргізіліп жатыр ”-, деп мәлімдеді Қарағанды су ЖШС баспасөз хатшысы Марина Богдан.

Бұқпа өзеніндегі ластанған су көктемде арнасынан асып, Федоров су қоймасына құйылуы мүмкін дейді тұрғындар. Ал Федоров су қоймасы қарағандылықтар үшін жазда суға шомылып жақыннан балық аулайтын жалғыз демалыс орыны.

Бұқпа өзеніне экологиялық тұрғыда үлкен зиян келіп отыр. Тәуелсіз экологтар мұндай апаттың салдары ауыр болады дейді.

“Өзенге тазартылмаған кәріз суларының құйылуы өте үлкен қауіп төндіреді. Кәсіпорын осындай апатты жағдайдың алдын алуға дайын болмай шықты. Кәріздік сулар арқылы неше түрлі химиялық қоспалар өзен суына түсуде , оның ішінде нитрит, әртүрлі жууға арналған сұйықтық қалдықтары бар.  Мұндай қоспа қалдықтары көктемгі су тасқыны мен жазда тұрғындарға зиян келтіруі мүмкін. Су толық тазармаса апатты жағдай тоқтамаса , жазда тұрғындар арасында вирустық инфекция пайда болуы ықтимал”,- деп мәлімдеді Қарағанды экологиялық музейінің директоры Айгүл Маликова.

Қарағандылықтар бұған дейін де осындай апатты жағдайдың болғанын айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу