Шығыс Қазақстан облысы әкімі Ермек Көшербаев Бұқтырма су қоймасына салынып жатқан көпірде қауіпсіздікке баса мән берілуі қажеттігін айтты.
"Бұқтырма арқылы өтетін көпірден көліктердің қалай жүретіндігіне қатысты ережелерді бекіту қажет. Яғни, көпірде ұзын-сонар кептелістің болуына жол бермеуіміз керек. Себебі көпірге кіреберісте немесе шығар жолда жол апаты болса көпір жабылып қалуы мүмкін. Бұл көпірден жүретін көлік өте көп болатынын да ескеруге тиіспіз", – деді ол.
Әкім өз сөзінде көліктер арасындағы қашықтықты сақтаған жөн екендігін жеткізді.
"Көпір маңына көліктердің арақашықтығы 20-30 метр екенін көрсететін тиісті белгілер орнатылуы қажет. Одан кейін қауіпсіздікті сақтау мақсатында көпірдің екі жағына бекеттер қойған жөн", – деді Ермек Көшербаев.