Бұқтырмадағы бөгет бұзылып барады

388

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының тұрғындары Бұқтырма су қоймасындағы бөгеттің бұзылып жатқанына алаңдаулы.

Бұқтырмадағы бөгет бұзылып барады Фото: kazzinc.com

Өткен ғасырда салынған нысан мүлдем жөндеу көрмеген. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары тіпті қараусыз қалған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қазір қорғаныс нысанының кей жерін су шайып, бетондарын толқын соққысы үгітіп барады. Апаттан сақтануды мақсат еткен елдің үміті қашан ақталады?

Тілсіз жаудың толқынынан Тұғыл ауылын қорғап тұрған бөгеттің ұзындығы 2 шақырымдай болады. Көл іргесіндегі халық қорғаныс нысанына балаған нышанның қазіргі кейпі қорқынышқа айналған.

Бөгет өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Тұрғындар содан бері бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмеді деп отыр. Орталары опырылып кеткен.

Бөгет үсті де сөгіліп барады. Бетонның су мен желге шыдас бермеген жерлері ойылып-ойылып кеткен. Бөгеннің бұзылғанын бақылап отырған елдің жөндеу тез жүргізілсе деген, өтініші де көбейген.

"Табиғи апат деген өте көп. Аяқ астынан апат болып, мына жақтан дауыл соғатын болса бүткіл ауылды су алады. Қазірдің өзінде ауылдың шетіне су кетіп жатыр", - дейді Тұғыл ауылының тұрғыны Нәзипа Кешубаева.

Ал, аудан басшылығы бөгет бүгінге дейін ешкімнің құзырында болмағанын растады. Енді ғана бір мекеменің иелігіне өткізу үшін құжат әзірлеп жатқан көрінеді. Тозып тұрғанын да біледі. Бастапқы да бөгет емес, кеме тоқтайтын жай орын ретінде жасалған деген, аудан әкімі одан ауылға қауіп жоқ. Тіпті оны жөндеуге аудан бюджеті де жетпейді, деді. Десе де, Тарбағатай ауданында Қызылқайың кен орны ашылмақ. Жоба жүзеге асса жер астынан алынған мысты тасудың бірден-бір жолы осы Бұқтырма су қоймасы.

"217 миллиард теңгеге ол жерге инвестжоба жасалған. Сол бойынша қазір біз өзіміздің жоспарымыз бойынша инвесторлармен жұмыс жасап жатырмыз. Бұл да 2-3 жылдың көлемінде басталып кететін шаруа", - дейді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев. 

Демек, ауыл халқы әлі 2-3 жыл үміттеніп отыруы керек. Тағы бір жоба. Еліміздің Көлік министрлігі Ресей, Қазақстан және Қытай мультимодальді транзиттік бағытын дамыту үшін Жол картасын әзірлеп жатыр. Онда Павлодар мен Семейден Ертіс өзені арқылы дәл осы Бұқтырма су қоймасының жағасындағы Тұғыл ауылына дейін жүк кемелері қатынамақ.

"Шығыс Қазақстан облысында Тұғыл өзен портын салу. Және де Тұғыл-Майқапшағай темір жолын салу құрылыс жобалары жоспарланды", - деді Теміржол және су көлігі комитетінің бас сарапшысы Нұрсұлтан Яхиден.

Аталған жоба ақпан айында бекітіледі деп күтілуде. Мақсат орындалса осы бағытта жылына 3,6 миллион тоннаға дейін жүк тасымалданбақ. Ондай жағдайда тұғылдықтардың үміті ақталып, бөгеттің жаңаратыны сөзсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу