Шығыс Қазақстан облысы Бұқтырма су қоймасына салынған көпірде 18 қазаннан бастап көлік қозғалысына рұқсат беріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Президент тапсырмасымен Бұқтырма су қоймасына салынған көпірдегі құрылыс жұмыстары аяқталып қалды.
18 қазаннан бастап көпірде көлік қозғалысына рұқсат беріледі. Ал, көпірдің салтанатты ашылу рәсімі 20 қазанда сағат 10:00-де басталады. Күршім ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бұл күні 30-ға тарта киіз үй тігілмек.
"Қазақ күресі, қол күресі, аударыспақ, гір көтеру, арқан тарту, жаяу жүгіруден жарыс ұйымдастырылады. Республикадан бөлек, Орта Азиядағы ең ұзын көпірдің ашылуы қарсаңында мәдени шаралар да қолға алынбақ. Қазақстанға танымал өнер адамдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады. Сүйіншілеп келген жұртқа ас беріледі", – делінген ақпаратта.
Паром өткелінің жабылуы туралы әлі айтылмады.