Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қаражат бөлінген, бірақ ағаш отырғызылмаған өңірлер туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Заң жобасының ішінде көміртек офсеті деген жаңадан ұғым енгізілгелі оытр. Көміртек офсеті аясында сіздер ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда Париж келісімшартына сәйкес ағаш отырғызасыздар. Оған тиісті норманы заңға енгіземіз. Бірақ менің қолымда мынадай бір статистика бар. Оған Экология министрлігі жауап берсе деймін. Заң жобасы қажет екені сөзсіз. Оны мен де қолдаймын. Менің қолымда барлық облыстың әкімдіктері ұсынған статистика бар. Онда бюджет қаражатын жымқыру деректері анық жазылып тұр. Орман өсіру деген сылтаумен миллиардтар жымқырылып жатыр. Мысал үшін айтсам, 2020 жылы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес 2 млрд түп ағаш отырғызу жоспарланды. Ал елді мекендер аумағында – 15 млн түп ағаш. Мен осы 2 млрд пен 15 млн түп ағаш отырғызылғанын тексергім келді", – деп сұрады Бақытжан Базарбек.
Депутат жоспарды орындамаған өңірлер бар екенін айтты.
"Онда 15 млн түп ағаштың 3 млн-нына да жетпейді. Ал млрд туралы айтпай-ақ қояйын. Мәселен, Маңғыстау облысында 2021 жылы 556 мың түп ағаш отырғызуы тиіс еді, бірақ іс жүзінде 20 мың ағаш отырғызған. Яғни, жоспарланған көрсеткіштің оннан бір бөлігі де орындалмаған деген сөз. 2022 жылы 167 мың ағаш отырғызылуы керек еді, алайда 21 мың ғана отырғызған. Шығыс Қазақстанды алайық. 2021 жылы олар 127 мың түп ағаш отырғызуы тиіс болғанына қарамастан 85 мыңын ғана отырғызған. Әр ағаш ақша ғой. Бұл – халықтың ақшасы. Осындай жағдай әр облыста кездеседі. Депутат ретінде сұрағым бар. Бұл мәселені біреу бақылай ма? Әлде сіздер жай ғана ақша бөліп отырасыздар ма? Себебі ағашты отырғызуға қыруар бюджет ақшасы бағытталды", – деді мәжілісмен.
Бақытжан Базарбек қаржы бөлінген, бірақ ағаш отырғызылмаған өңірлер бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беруді ұсынып отыр. Оның қатарында Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Ұлытау, Түркістан облыстары бар. Жоспарды орындаған өңірлер аз, дейді ол.
Экология вице-министрі Жомарт Әлиев депутат келтірген статистика бойынша жазбаша жауап берілетінін айтты.