"Бұл кемсіту емес". Президент алғашқы сұхбатын неге орыс тілінде бергенін түсіндірді

3081

Биыл 29 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев "Хабар24" телеарнасына орыс тілінде эксклюзивті сұхбат берген.  

"Бұл кемсіту емес". Президент алғашқы сұхбатын неге орыс тілінде бергенін түсіндірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сұхбатын неге орыс тілінде бергенін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Qazaqstan телеарнасының журналисі Жайна Сламбек "Бұрынғы сұхбатыңыз орыс тілінде болды. Президенттің баспасөз хатшысы (бұл сұхбатыңыз – автор) халықаралық аудиторияға арналған деді. Қазіргі сұхбат қай аудиторияға арналған? Осындай бөле-жару, қазақ тілін кемсіту болып есептелмей ме?" деп Президентке сұрақ қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліне кемсітушілік жасалмағанын атап өтті.

"Бұл ешқандай кемсіту емес. Оны менсінбеушілік емес деп айтуға болады. Осыған дейін көптеген арна менен сұхбат беруді сұраған. Мен олардың ешқайсынына келісім берген жоқпын. Кейін тек "Хабар" телеарнасына сұхбат беремін деп шештім. Себебі, ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты. Оларға тоқтау салу керек болды. Ең алдымен бұл әлем жұртшылығына Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпарат беру үшін жасалды. Кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатымды кеңінен таратып, барынша пайдаланды. Оны өзіңіз білесіз", - деді Мемлекет басшысы Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында.

Ол орыс тілі халықаралық тіл екенін, оны мойындау керегін жеткізді.

"Қалай болса да, орыс тілі Біріккен Ұлттар ұйымының 6 ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек, ал қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар", - деді Президент.

Оның пікірінше, елдегі әрбір тұрғын қазақ тілін құрметтеуі керек.

"Жалпы мемлекеттік мәселені мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз өзімізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан ең алдымен өзіміз оған құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын", - деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, биыл 29 қаңтарда Президент "Хабар24" телеарнасына эксклюзивті сұхбат берген еді. Сұхбатты журналист Вера Захарчук алған.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу