Бұл мәселеге 20 жыл бойы атүсті қарап келдік – Бақытжан Сағынтаев

843

Үкімет басшысы: Астананың кейбір көшелерінің су астында қалуы қалыпты жағдайға айналып барады.  

Бұл мәселеге 20 жыл бойы атүсті қарап келдік – Бақытжан Сағынтаев

Үкіметтің бүгінгі отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Астананың кейбір көшелерінің су астында қалуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын сынға алды, деп хабарлайды abctv.kz.

"Бұл мәселеге 20 жыл бойы атүсті қарап келдік. Жаңбыр жауады. Кейбір көшелер су астында қалады. Одан кейін бәрі де ұмытылады", – деді Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында.

Үкімет басшысы Астана қаласының 5 жылдық кешенді жоспарына  жауын-шашыннан кейін туындайтын мәселелерге, кәріз жүйелеріне баса назар аудару керектігін айтты. Кешенді бағдарлама үкіметке келгенге дейін оны тағы бір қарап, пысықтап шығуды тапсырды.

"Соңғы бір-екі күнде толассыз жауған жаңбыр салдарынан Астананың бірқатар көшелері көлкіген судың астында қалды. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер, автокөлік иелері зардап шекті. Қоғамдық көліктің қозғалысы да қиындап кетті. Бұл мәселе туралы елбасы тарапынан да бірнеше рет сын-ескертулер айтылған болатын", – деді үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаев қаладағы жағдайға әкімдік жауап беретінін еске салып өтті. Бұл ретте табиғаттың тосын мінезіне дайын болуға, коммуналдық қызметтер жұмысының тиімділігін арттыруға әкімдік жауапты екенін айтты.

"Шаһар тұрғындары қалалық коммуналдық қызметтердің нашар жұмыс істеуінен зардап шекпеуі қажет. Бүгінде Бауыржан Момышұлы даңғылының, Тұран даңғылы мен Ұлы дала көшелері қиылысының, Бараев және Жастар шағын аудандарының су астында қалуы соңғы кезде қалыпты жағдайға айналып бара жатқан сияқты. Ауа райын болжау қызметтерінің мәліметінше, жаңбыр ұзаққа созылатын түрі бар. Сондықтан қажетті шараларды қабылдау қажет", – деді премьер-министр.

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев су кәріздері жүйесін дамытуға арналған 3 жылдық бағдарлама барын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама кестеге сай кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Оны 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

"Екі күнде айлық нормадан бір жарым есе артық су түсті. Коммуналдық қызметтер екі тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеді", – деді Әсет Исекешев.

Ол биыл Сингапур, Мәскеу, Киев қалаларын, сондай-ақ Германияның, АҚШ-тың, Францияның бірқатар шаһарларын да су басқанын еске салды. Осылайша, әкім кәріз жүйесі жақсы дамыған ірі қалаларды су басып жатқанда, Астананың көлкіген су астында қалуы түк те емес дегенді айтқысы келгендей сыңай танытты.  

"Мәселе Астананың барлық көшесіне қатысты емес. Дегенмен, бұл бірқатар көшеде жылда қайталатын қалыпты жағдайға айналды. Мұндай қиын учаскелерді ең алдымен ретке келтіру керек. Қала тұрғындарының талабы да осы", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу