Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев баспана кезегіндегі әлеуметтік тұрғыдан осал топтан шыққан азаматтардың саны артуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сізге дейін министр болған Қайырбек Өскенбаев осы заң жобасын таныстырған кезде 240 мың адамның кезектен шығарылатынын айтты. 2,5 жыл өтті. Сіз оның айтқанын қайталап отырсыз. Бұл азаматтарды кезектен шығару мүмкін емес. Өз басым тұрғын үй басқармасында жұмыс істеген едім. Баспана кезегінде тұрған адамдардың заңды құқығы бар екенін бәріміз білеміз. Бұл бір. Екіншіден, 3 жыл ішінде үй кезегінде тұрғандардың саны 480 мыңнан 640 мыңға дейін артты. Яғни 200 мыңға жуық деген сөз. Бұл тұтастай алғанда бір облыстың тұрғындары. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Осы тенденция сақталатын болса, онда бірнеше жылдан кейін бұл көрсеткіш 1 млн адамнан асуы мүмкін", - деді депутат Елнұр Бейсенбаев.
Оның сөзінше, мемлекет жыл сайын бар болғаны 9-10 мыңдай ғана пәтер береді.
"Бүгінде Қазақстанда бірде-бір ипотекалық бағдарлама жоқ. Біз бүгінде заңнаманы жетілдірдік, бірақ баспана кезегінде тұрғандардың мәселесі шешімін таппады. Осындай бағытта тіпті шешілуі де мүмкін емес. Сіздер бұл мәселені жақын арада қалай шеше аласыздар? Республикалық бюджет аясында қосымша соманы бөлу туралы мәселені қарастырамыз ба? Бәлкім жемқорлардың ақшасына әлеуметтік тұрғын үй салатын боламыз", - деп жалғастырды халық қалаулысы.
Елнұр Бейсенбаев әлеуметтік тұрғыдан осал 254 мың адам үй кезегінде тұрғанын тілге тиек етті.
"Ал жылдық 2 пайыз несиемен қанша адамды баспанамен қамтып отырмыз? Бар болғаны 3200 адам. Бұл тұрғын үйге мұқтаж адамдардың 1,5 пайызы ғана. Сіз осында қадамдармен бұл мәселені шешеміз деп отырсыз ба? Біз бұл мәселені шеше алмаймыз. (...) Әлеуметтік тұрғыдан осал 254 мың адам баспана кезегінде тұр десек, займды 3200 адамға береміз. Оның өзінде 18 млн теңге ғана. Бұл қаржыға олар тек бір бөлмелі пәтер ғана ала алады. Қанат Бисімбайұлы (ред. – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев), мәселенің бар екенін, сіздер қабылдап жатқан шаралардың тиімсіз екенін, бұл мәселені шешпейтінін мойындауымыз керек", - деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.