Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев осы құжатқа байланысты бірнеше мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бұл сәтті 34 жыл күтті. Өте жақсы бастама. Көп қандастарымыз алғыстарын айтып жатыр. Бірақ енді салыстырайықшы, көшіп келгендердің айтуы бойынша 40 жыл Моңғолияда мұғалім не мал дәрігері болып жұмыс істеген азаматтардың осындағы зейнетақысы 100 мың теңгенің шамасында. Ал енді осындағы дәл осынша 40 жыл істегендердікі – 200 мың теңгенің маңайында. Неге бірдей шықпады деген сұрақтар болады ғой. Әскери қызмет – 3 жыл. Мысалы, Моңғолияда үш жыл әскерде болса, ол 1,5 жыл болып есептеледі бір жылы, сонда 4,5 жыл болады. Қазақстанда бұл қалай болады?", – деді депутат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдың сөзінше, зейнетақы мөлшеріндегі айырмашылық зейнетақының түрлеріне байланысты.
"Егер әскери қызметкерлер туралы айтатын болсақ, онда еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері бізде кішкене басқаша есептеледі. Ал жасына байланысты зейнетақы төлемдерінде еңбек өтілі 1998 жылға дейінгі кезең есептеледі", – деді Виктория Шегай.