Әлеуметтік желіге Ақтөбеде өтіп жатқан тойдан бейнежазба салған әнші Гүлнұр Оразымбетованың басы дауға қалды. Оны тексерген санитарлық қызмет тойдың былтыр карантин жарияланғанға дейін өткенін анықтады.
Айта кетейік, Гүлнұр Оразымбетова Instagram парақшасында Ақтөбеде өткен дүбірлі тойда ән салғанын көрсетіп, оның астына: "Ден сау болса, той да болар. Тойды індет басылғанша тоқтата тұрайық, ағайын. Аман болайық, ең бастысы. Сақтық шараларын барынша сақтап жүріңіздер!", – деп жазған болатын.
1,5 миллион оқырманы бар әншінің бейнежазбасы шу тудырғаннан кейін облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті оның карантин шараларына қатысы бар-жоғын тексерген еді.
"Бұл той Ақтөбедегі "Әл Мирал" мейрамханасында 2019 жылғы 15 қарашада өткен. Ол пандемияға дейін болғандықтан, ешқандай шара қолданылмайды", – деп хабарлады департаменттен.
Қатаң шектеу шаралары кезінде өнер адамдарының жүрген-тұрғандарын әлеуметтік желіге жүктейміз деп, тексерілген жағдайы тек бұл емес. Қыркүйек айында Атырауға ұлына құда түсуге барған Роза Рымбаеваның бейнежазбасынан кейін әншінің болашақ құдалары әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеген болатын.
Құралай Қуатова