Мәшиненің ашық тұрған жүк салғышына "Тегін нан" деген жазу ілінген. Ол көпшіліктің назарын аударғанға ұқсайды. Әп-сәтте келушілер қатары көбейді. "Неге тегін?", "Ондай деген болушы ма еді?" деп сұрайтындар да баршылық.
Акцияны Жұлдыз Қасымова есімді қала тұрғыны ұйымдастырған.
"Бірінші күні 100 бөлке нан таратылды, екінші күні 100 бөлке нан мен 100 кг картоп таратылды. Әсіресе зейнеткерлер мен жасы ұлғайған адамдарға зейін бөлдік. Қазір барлығы қымбаттап жатқан заманда, адамдардың көңілін біраз болсын көтергіміз келді", – деді ол.
Дүкен сөрелеріндегі бағаға көз жүгіртсек, нан бағасы 140 теңгеден басталатынын байқауға болады.
Жұлдыз мемлекеттік қызметте істейді. Бірақ ол әлдебір науқанның аясында емес, өз қалауымен акция өткізеді. Инстаграм желісінде ұйымдастырған іс-шараларын жариялап, қолдаушылар табуға тырысады.
Бұл жолғы акцияға өзінен бөлек үш адам атсалысты. Олардың бірі KAZ Minerals Aktogay компаниясында тау-кен ісінің шебері болып істейтін Дәурен Оралбек. Ал одан өзге екі волонтер өзі туралы ашық айтпай, жұмбақ күйі қалғысы келеді. Тек мәлім болғаны: біреуі жеке кәсіпкер, екіншісі құрылыс компаниясының менеджері.
Волонтерлердің айтуы бойынша, акция өткізу орыны кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені арзан азық-түлік сатып алуды ойлайтын қала халқы осы базарға келеді.
"Адамдар қалауынша ақша қосады. Әсіресе, достарым мен әріптестеріме рақмет, өте белсенді. Бұған дейін қарттар мен әлеуметтік осал топтарға дәрі-дәрмек, керекті заттар алып бердік. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына бірнеше мәрте гуманитарлық жәрдем беріп, үй жануарларына көмектесуден де тыс қалмадық. Науқас адамдардың еміне қаржылай қолдау білдірдік", – дейді волонтер.
Тасқын Болатұлы