"Бүлдіршіндердің басынан ыдыспен ұрған": Павлодардағы балабақша тәрбиешісі жұмыстан шеттетілді

Ал директордың міндетін атқарушыға қатысты тәртіптік шара қолданылмақ.  

"Бүлдіршіндердің басынан ыдыспен ұрған": Павлодардағы балабақша тәрбиешісі жұмыстан шеттетілді Фото: Yandex.kz

Бүгінде Павлодар облысындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы дерлік бейнебақылау камераларымен қамтылған. Сондықтан топ ішіндегі келеңсіз жайттар назардан тыс қала қоймайды. Сондай сәттердің бірі таспаланып, оны ата-аналардың бірі байқап қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыс орталығындағы №16 балабақша аналарының бірі 10 маусым күні 1-2 жас аралығындағы бүлдіршіндер тәрбиеленетін топтың камерасын көрген кезде 3,4 маусым күнгі видеоларға көзі түскен. Алайда бұл бейнелерді көзге жас алмай көру мүмкін емес екенін алға тартты.

Айтуынша, тәрбиеші балалардың барлығын басынан ұрған. Тіпті, кей кезде ыдыспен қойып қалған кездер болған. Бұл туралы басқа ата-аналарға да хабарлап, олар 11 маусым күні балабақшаға жинап, басшылықтан жауап алмақ болған. 

"Отбасы және балалар" тобы белсенділерінің айтуынша, балабақша басшылығы жарықтың жоқ екенін алға тартып, видеоларды көрсетпеген. Мәселеге тәртіп сақшылары мен білім беру бөлімі де араласты. 

"Педагогтың кәмелеттік жасқа толмаған балаларды тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Ал қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлбаршын Алтыбасарованың айтуынша, бөлім өкілдері тәрбиеші қол жұмсаған сәт таспаланған бейнені көрмеген. Сондықтан ыдыспен бастан ұрған-ұрмағанын растап не жоққа шығара алмайды. 

"Әлеуметтік желілерде ата-аналардың үндеуі жарияланған соң бірден балабақшаға барып, тексерісті бастадық. Сол сәтте полиция қызметкерлері де келді. Олар ата-аналардан түсініктеме алып, бейнебақылау камерасының жазбаларын тәркіледі. Сондықтан біз жазбаларды көрген жоқпық. Мәселені тек ата-аналардың сөзінен түсіндік", - дейді сектор меңгерушісі. 

Орын алған оқиға туралы білім беру бөліміне дер кезінде хабарламағаны үшін балабақша директорының міндетін атқарушы тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін. Қазіргі уақытта ол денсаулық жағдайына байланысты ем қабылдап, еңбекке уақытша жарамсыз екенін білдірді.

Жұмысқа қайта оралған соң оның әрекеті жауапсыз қалмайды. 

Ал келеңсіз жайт орын алған топ тәрбиешілері мен олардың көмекшілері жұмыстан уақытша шеттетілді. 

Белгілісі, аталмыш топта 2022 жылы туған бүлдіршіндер тәрбиеленеді. Олардың денелерінен қандай да бір жарақат белгілері анықталған жоқ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу