Ол ұлының бұл ісін "балалықпен жасаған әрекеті" және сыныптастарынан көрген қысымға берген жауабы екенін айтқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.
Қатарластарын балтамен қуған атыраулық оқушы анасының сөзінше бір жылдан бері буллингке тап болған. Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға болатын күні де оны "дәретханаға жүр" деп бірнеше бала шеттеткен болуы мүмкін.
– Екі жақты қарау керек. Буллинг болып тұр. Бұл балалар бір жылдан бері тиісіп жүрген көрінеді. Бала өзі 4 балаға әлі келмейтіндіктен, балалықпен осындай әрекетке барады. Ешқандай ата-ана "мектепке балтамен бар" деп айтпайды. Ол – менің жалғыз балам, – дейді Мәншүк Жиенбетова.
Десе де, мектептегі өзге ата-аналардың бұл уәжге қарсылығы бар. Олар үшін "балтаны бас қару еткен" оқушының сабаққа қайта қосылуы қоғамға қатты қауіп тудырады.
– Пышақ былай қалды, балтамен шабамыз. Бұрын көрінбейтін қару – пышақты ұстайтын еді. Енді үлкен балтаны апарып тұр. Түсінігі дұрыс емес болып тұр ғой. Бұл жерде әр жастағы бала оқиды. Жазатайым кетіп бара жатып, бір балаға тиіп кетеді. Болғаннан кейін не керек?! Ол бала бір жағынан "бізге бұзақылық жасай беруге болады, ертең директорды ауыстырып жібереді" деп ойлайды. Бұнымен мәселе шешілмейді, – дейді ата-аналардың бірі.
Ұстаздар қауымы оқушының осыған дейін де есепте тұрғанын алға тартады. Тіпті, анасына да бірнеше мәрте ескерту жасалған. Ата-аналар мен ұстаздар "жанайқаймыз Оқу-ағарту министрлігіне жетсе екен" дейді.
Оқиғадан соң мектеп директоры қызметінен босатылды. Десе де, ұжым оны орнына қайтаруды талап етеді. Сөздерінше, басшының еш кінәсі жоқ.
Бұған дейін қатарластарын балтамен қуған атыраулық оқушыға қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.