Германия Бундестагының депутаттары ХДС/ХСС фракциясының атқарушы хатшысы Манфред Грундтың бастауымен ЭКСПО-2017 көрмесіне келді. Ұйымдастырушының кеңсесінде "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов неміс парламентшілерімен кездесті, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Кездесуде көрмеге дайындық және өткізу мәселесі жөнінде "Астана ЭКСПО-2017" АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықтың ақырғы кезеңі туралы хабардар етті. 115 ел мен 21 халықаралық ұйым өзінің қатысатынын растады. Бүгінгі күні ұлттық күндерін өткізуге ресми қатысушылардың 113 өтінімі келісілді. Қазіргі кезде қатысушы елдер өздерінің ұлттық павильондарын контенттік толтыру жұмысын белсенді жүргізіп келеді.
"Неміс павильоны – ең үлкені және ауданы 1252 шаршы метрді алады, ол Монакомен, Нидерландымен және Испаниямен көршілес орналасқан. Неміс компанияларының 24 жобасының үшеуі өз жетістігін бірден "Үздік тәжірибелер аймағы" павильонында көрсеткенін, оларды іріктеумен ғалымдардың және Нобель сыйлығы лауреаттарының қатысуымен арнайы халықаралық комиссия айналысқанын айтып өткен жөн. Біз Германияның жаңартылатын қуат көздері саласындағы бай тәжірибесін білеміз және бұл тәжірибе көрмеге қатысушылар үшін танымдық және қызықты болады", – дейді Ахметжан Есімов.
Бундестаг депутаты Германияның жаңартылатын қуат көздерін пайдалануды қолдайтын ел ретінде ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысудың маңыздылығын көрсетті.
"Германияда ЭКСПО-ны өткізу тәжірибесі бар және біз өзімізге Астанада осындай тамаша алаңның ұсынылатынына қуаныштымыз. Мұнда жасыл энергия саласындағы білімімізбен және жетістігімізбен бөлісе аламыз. Германияда тек үлкен павильон ғана болып қоймайды, әдетте, біз үлкен мәдени бағдарлама да дайындап жатырмыз. Біз неміс мәдениеті көрсетілетін 3 ауқымды шара өткізгіміз келеді, соның ішінде 12 маусымда Германияның ұлттық күнін өткізу де бар", – дейді Манфред Грунд.
Әрі қарай Бундестаг депутаттары логистикаға, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және медициналық көмекке қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауап алды.
Кездесуден кейін ЭСКПО нысандарына шағын топ саяхат жасады, сондай-ақ экспозицияның тақырыптық безендірілуі жөніндегі монтаждау жұмысы жүргізіліп жатқан неміс павильоны көрсетілді.