"Бурабай, Алакөл демалыс орындарында баға мен сапа сәйкес келмейді"

1665

Мәжілісте туризм тақырыбында өткен үкімет сағатынан кейін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев журналистерге сұхбат берді.

"Бурабай, Алакөл демалыс орындарында баға мен сапа сәйкес келмейді"

"Қазақстанда демалу шетелге барып демалумен бірдей. Бағаны түсіру үшін қандай жұмыс атқарып жатырсыздар?", – деп сұрады тілшілер.

"Бағаны түсіруге бірнеше іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Мысалы, сіз инвестор болып қонақүй салсаңыз, біз 25 пайызға дейін ақшаңызды қайтарамыз. Өйткені сіз ол ақшаны туристерден өтеуге тырысып, бағаны көтеріп қоясыз. Сондықтан осындай шара істейміз. Екіншіден, Алакөл сынды аумақтарға турист көп барады. Яғни сұраныс, ажиотаж болған соң баға көтеріледі. Біз бағаны төмендету үшін Алакөл жағалауын бекітіп, көптеп инфрақұрылым жүргізуге, қонақүйлер салуға мүмкіндік ашқалы жатырмыз. Олар көбейген соң, баға көтерілмейді", – дейді Абаев.

Оның айтуынша, министрлік бағаны күштеп төмендете алмайды. Есесіне, туристерге көп мүмкіндіктер туғызу арқылы қымбатшылықтың алдын ала алады. Мысалы, көл жағалаулары ғана емес, экотруизм, тау туризмдерін де дамытуға ден қойылып отыр.

"Демек, бізде баға жоғары, ал оған қызмет көрсету сапасы лайық па?", – деп сұрады журналистер.

"Кей жерде сәйкес келеді, кей жерде сәйкес келмейді. Маңғыстау облысында сай, өйткені онда қымбаты да, арзаны да қарастырылған. Ал Бурабай, Алакөл маңында сай емес. Өйткені инфрақұрылым әлі дамымаған", – деді министр.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу