ҚР Денсаулық сақтау министрінің 12 қазандағы бұйрығымен "Бурабай" республикалық оңалту орталығы, шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Саягүл Айдарқызы Қайыргелдина директор болып тағайындалды.
PhD докторы, ҚР ҰҒА профессоры Саягүл Айдарқызы "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Әр жылдары ЖОО-да оқытушы, ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының "Заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығы" РМК инновациялық және білім беру қызметі басқармасының халықаралық медициналық ынтымақтастық бөлімінде меңгеруші, бас сарапшы, бас менеджер қызметтерін атқаған.
Соңғы жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының санаторийлер өкілдігінің басшысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі "Қарағанды медицина университеті" КЕАҚ курортология орталығының басшысы қызметтерін атқарған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас курортологы.
С.Қайыргелдина 1973 жылы 9 тамызда дүниеге келген. Еңбек жолын 1990 жылы №3 Киев орта мектебінің тәрбиешісі болып бастаған.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің "Биология" факультетінде, Қарағанды Заң Академиясының "Құқықтану" факультетінде оқыған.
Мәскеу қаласындағы Халықаралық қалпына келтіру медицинасы университетінде "қалпына келтіру емі және медициналық оңалту" мамандығы бойынша білім алған және "Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент және маркетинг" мамандығы бойынша "Астана" медицина университетін тәмамдаған.
Ғылыми мақалалар, ЖОО студенттеріне арналған 1 оқулық, 2 ғылыми зерттеу еңбегін жазған. 3 авторлық патенттің, Қазақстан курорттарына арналған 1 монографияның авторы.