Ақпаратқа сәйкес, 13-17 маусым аралығында Парижде өтіп жатқан "Адам және биосфера" ЮНЕСКО бағдарламасының Халықаралық үйлестіру кеңесінің (MAБ-ХҮК) 34-ші сессиясы шеңберінде "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркін (Ақмола облысы) және Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығын (Шығыс Қазақстан облысы) ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының жаһандық желісіне қосу туралы шешім қабылданды.
Сессия жұмысына Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің дипломаттары, "Адам және биосфера" жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Роман Ященко және оның орынбасары Виктория Ильина қатысты.
Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев бұл мәртебе қандай артықшылықтар беретінін айтып өтті.
"Жаңа мәртебе қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша халықаралық шешімдер қабылдауға қатысуға, зерттеу және қолданбалы жұмыстарды дамытуға, экологиялық оқу-ағарту мен мамандарды даярлаудың негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстандағы ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының ұлттық желісіне 15 объекті енгізілген. Ал дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне әлемнің 131 елінің аумағында орналасқан 738 биосфералық резерват кіреді.