Бурабайда кәуап пісірмек болған екі тұрғын әкімшілік жауапқа тартылды

341

"Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында арнайы рұқсат етілмеген жерде от жаққан Астана қаласының екі тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бурабайда кәуап пісірмек болған екі тұрғын әкімшілік жауапқа тартылды Фото: ЖИ

Бұл заң бұзушылық ұлттық парк инспекторлары мен табиғатты қорғау полициясының бірлескен рейді кезінде анықталған. Рейд қорытындысы бойынша жалпы саны 16 адамға қатысты әкімшілік шара қолданылды.

Тексеру барысында орман алқабына автокөлікпен заңсыз кірудің сегіз фактісі, арнайы бөлінбеген жерде шатыр тігудің бес дерегі, рұқсатсыз туристік қызмет көрсетудің бір фактісі, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын, ормандардағы санитарлық ережелерді бұзу және қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішуге қатысты екі құқық бұзушылық тіркелді.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 80 дерегін анықтады. Олардың қатарында қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану, жол қиылыстарынан өту және маневр жасау талаптарын бұзу, техникалық ақауы бар немесе заңсыз қайта жабдықталған көлікті басқару, жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізу және мас күйінде рөлге отыру фактілері бар.

Бұдан бөлек, рейд барысында қоғамдық тәртіпті бұзу, оның ішінде тыныштықты бұзу және қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу жағдайларының жолы кесілді. Ұлттық парк әкімшілігі өрт қаупі жоғары кезеңде арнайы жабдықталмаған жерлерде от жағуға және ашық отты пайдалануға тыйым салынатынын еске салды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Кей жағдайда айыппұл мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни шамамен 430 мың теңгеге жетуі мүмкін. Демалушылар үшін ұлттық парк аумағында 50 арнайы пикник аймағы жабдықталған.

Бұл орындарда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып, мангал жағып, тамақ әзірлеуге рұқсат етіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу