"Бурабай" республикалық оңалту орталығының базасында Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты құрылды, деп жазады inbusiness.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің құрылған Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты санаторийлік-курорттық саланы дамыту үшін табиғи емдік балшықтарды, минералды суларды, өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ғылыми, сараптамалық және кешенді зерттеулер жүргізетін болады.
Ведомствоның мәліметінше, ҒЗИ-дың базасындағы бірыңғай әдістемелік орталық осы саладағы бірыңғай стандарттарды әзірлеуді өз мойнына алады, профилактикалық және қалпына келтіру медицинасындағы жаңа технологиялардың жолсерігі, құқықтық және ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарының кураторы болады, сондай-ақ кадрлық, материалдық-техникалық, консультациялық-әдістемелік сипаттағы мәселелерді шешуге ықпал етеді.
Денсаулық сақтау министрлігі санаторийлік-курорттық емдеу халықты сауықтыру ісінде пәрменді шара болуға тиіс екенін атап өтті.
"Бурабай" оңалту орталығының директоры Саягүл Қайыргелдинаның айтуынша, еліміздің жетекші курортологтар тобы республиканың барлық халқын емдеу және оңалту үшін арнайы бағдарламалар әзірлеуді жоспарлап отыр.