Аталған шектеу табиғи ескерткішті сақтау және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Жұмбақтас – Бурабай курортының символына айналған ерекше табиғи нысан. Ол тек көркем келбетімен ғана емес, мәдени маңызымен де құнды. Енді Жұмбақтасқа көтерілуге қатаң тыйым салынады. Бұл – табиғатты қорғау ережелерін бұзумен қатар, өмір мен денсаулыққа төнетін тікелей қауіп. Белгіленген шектеулерді сақтауға және Қазақстанның табиғи мұрасына құрметпен қарауға шақырамыз. Ережені бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", – делінген ресми хабарламада.
"Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Қазақстанның Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Бурабай көлінің айналасындағы табиғи қорғалатын аумақ. Ұлттық парктің қорық аймақтары шегінде кез келген шаруашылық қызметке, рекреациялық пайдалануға тыйым салынады және қорық режиміне сәйкес режим қолданылады.
Ұлттық парк Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының қарауында.
"Бурабай" ұлттық паркінің негізгі міндеттері:
- экожүйелердің, эталондық және бірегей табиғи кешендер мен объектілердің, тарих, мәдениет ескерткіштерінің және басқа да тарихи мұра объектілерінің тұтастығын сақтау, сондай-ақ оларды зерделеу;
- бұзылған табиғи және тарихи-мәдени кешендер мен объектілерді қалпына келтіру.